Новости

31янв2017

«Коммеск-Өмір» СК» АҚ баспасөз мәлімдемесі: ҚР сақтандыру рыногы-2017: технологиялық қайта жүктеу және жаңа заман талаптары

Сақтандыру нарығындағы көрсеткіштер
2016 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан республикасының сақтандыру рыногы 357 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйақысын жинады. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 24 пайыз артық.

            Міндетті сақтандыру сыйақысының көлемі 90,6 млрд теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан. Жеке басын ерікті сақтандыру сыйақысы 4 пайыз артып, 86,5 млрд теңгені құраса, мүлікті ерікті сақтандыру сыйақысы 36 пайыз артып, 180 млрд теңгеге жетті.
            Сыйақы көлемінің артуына автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (47,5 млрд теңге, өсім – 23%); мүлікті сақтандыру (74,3 млрд теңге; өсім – 24%); азаматтық-құқықтық жауапкершілікті ерікті сақтандыру (46,6 млрд теңге; өсім 88%); жұмысшыларды қызмет бабында болатын бақытсыз жағдайлардан міндетті сақтандыру (38,7 млрд теңге; өсім – 27%), сырқаттанудан сақтандыру (23,8 млрд теңге; өсім 11%) ықпал етті.
2016 жылды сақтандыру сыйақылары 17 пайыз өсіп, 97 млрд теңгеден асып жығылды. Міндетті сақтандыру бойынша төленген төлемдер көлемі 29 млрд теңгені (өсім 8%), жеке басын ерікті сақтандыру төлемдері 31,8 млрд теңгені (2% төмендеген), мүлікті ерікті сақтандыру төлемдері 36,2 млрд теңгені (өсім 54%) құрады.

 
            2016 жылы автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша 22,7 млрд теңге (өсім 25%), автокөлікті ерікті сақтандыру бойынша (АвтоКАСКО) – 6,8 млрд теңге (өсім 19%), сырқаттанудан сақтандыру бойынша – 17,6 млрд теңге (3% кеміген) көлемінде төлем төленген.
Жалпы, бұл салада қызмет көрсететін компаниялар тарапынан төленген сақтандыру сыйақысы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 30,3 пайыз артып, 271,7 млрд теңгені, сақтандыру төлемдері 21 пайыз артып, 81 млрд теңгені құрады.

Бөлінбеген табыс көлемі 48,5 млрд теңгеге (2015 жылғы көрсеткіштен 64,6% кем) жеткен.
Сақтандыру рыногы бойынша жалпы актив көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 4 пайыз артып, 856,5 млрд теңгені, сақтандыру резервтері 9 пайыз артып, 412 млрд теңгені, меншікті капитал керісінше, 1 пайыз кеміп, 402 млрд теңгені құрады.

           
«Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясының көрсеткіштері
 
Өткен жылы «Коммеск-Өмір» компаниясы 6,84 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйақысын жинады. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 44 пайыз көп (4,74 млрд теңге).
Соның ішінде, міндетті сақтандыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 52 пайыз өсіп, 2,51 млрд теңгені, жеке басын ерікті сақтандыру 97 пайыз артып, 588,5 млн теңгені, мүлікті ерікті сақтандыру 34 пайыз артып, 3,73 млрд теңгені құрап отыр.
«Коммеск-Өмір» компаниясы АвтоКАСКО бойынша 2016 жылы үздік үштікке енді. Жалпы жиналған сыйақы көлемі 89 пайыз артып, 1,2 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, жүкті сақтандыру бойынша да үздік үштік қатарынан табылып, 527,6 млн теңге сыйақы жинады (өсім 151,5%).
Сондай-ақ, автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (2,4 млрд теңге, өсім 55%); автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру (1,1 млрд теңге, өсім 97%); аурудан сақтандыру (424,9 млн теңге, өсім 58%) салаларында да біраз өсім байқалды.
2016 жылы «Коммеск-Өмір» компаниясы тарапынан төленген сақтандыру сыйақыларының көлемі 49% артып, 2 млрд теңгеден асып жығылды. Соның ішінде, міндетті сақтандыру бойынша – 906,1 млн теңге (2015 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 34% артық); жеке басын ерікті сақтандыру бойынша – 184,8 млн теңге (өсім 13%); мүлікті ерікті сақтандыру бойынша – 924,3 млн теңге (өсім 81%) сыйақы төленді. 2016 жыл ішінде автокөлік иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру бойынша 862,5 млн теңге (өсім 53%); автокөлікті ерікті сақтандыру бойынша (АвтоКАСКО) – 464,9 млн теңге (өсім 64%); сырқаттан сақтандыру бойынша – 183,7 млн теңге (өсім 14%) төленген.
Өткен жылы қызу талқыланған тақырыптардың бірі – келтірілген залал көлемін анықтау қызметін бағалау ұйымдарынан алып, сақтандыру компанияларына беру мәселесі болды. Жағымсыз пікірлерге қарамастан, сақтандырушы мен клиенттердің арасында делдалсыз, тиімді қарым-қатынас орнады. Нәтижесінде
 
 
бұл клиенттің сақтандыру төлеміне қанағаттану деңгейін көтеріп берді. Атап айтар болсақ, 2016 жыл қорытындысы бойынша «Коммеск-Өмір» СК клиенттерінің төленген сақтандыру сомасына көңілі толу деңгейі 91 пайызды, шығынды реттеу сапасына қанағаттану деңгейі 90% құрады.
Жалпы, 2016 жылы рынокта автокөлік иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру бойынша төленген төлемдердің орташа мөлшері 338 мың теңгені, АвтоКАСКО бойынша – 437 мың теңгені құрады. Ал, 2015 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше, 313 мың және 357 мың теңгеге жеткен болатын.
 
Технологиялық қайта жүктеу
2017 жылы Е-полистердің енгізілуі сақтандыру саласын ІТ-инфрақұрылымдар мен сандық технологиялар жағынан едәуір алға ілгерілетері даусыз. Сақтандырушылар қолданыстағы жүйелерді жаңғыртып, бизнес-процестерді автоматтандыруға, онлайн қызмет көрсететін сайттарды дамытуға, веб-сервистер мен мобильді қосымшалар жасауға, басқа салалармен ықпалдасуға күш жұмсамақ. Электронды полисті енгізумен бір мезгілде онлайн-сервистердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де шешіледі.
Енгізіліп отырған жаңалықтар Бірыңғай сақтандыру мәліметтері базасын жаңа операторға беруді талап етеді.
Сақтандыру рыногының ашықтық деңгейін көтеру мақсатында агенттік желіге де өзгерістер енгізілмек. Агенттердің сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салу жоспарланып отыр. 
Сақтандыру агенті сақтандыру жөніндегі келісімшартта көрсетіледі. Сондай-ақ, «бір агент – бір сақтандырушы» ұстанымы енгізіледі. Бұл агенттің бір ғана сақтандыру компаниясымен жұмыс істеуін талап етеді.
2017 жылдың шілдесінен бері қазақстандық жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастамақ. Бастапқыда жарна көлемі жалақы қорының 2 пайызын құрауы тиіс делінген болатын. Алайда, жобада жарна көлемін 1 пайызға дейін қысқарту мүмкіндіктері қаралып жатқаны сөз болып отыр. Мамандардың айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін корпоративтік сектордың ерікті медициналық сақтандыру қызметіне деген сұранысы төмендейді. Өйткені, жұмыс берушілердің бәрі бірдей қосарланған жүктемені көтере алмауы мүмкін. 
 
Автокөлік иелерінің АҚЖ МС – дамудың 20 жылы
     Естеріңізге сала кетсек, ҚР Үкіметінің 04.10.1996 жылғы №1319 қаулысы бойынша енгізілген автокөлік иелерінің АҚЖ МС 1997 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. 
     20 жылда бұл салада бірқатар сапалы өзгерістер жүз берді. Сақтандырудың бұл түрінің халық арасында таралу деңгейі 95 пайызға жетті. Рынок полистерді көше бойындағы «қолшатырлар» астында сатудан мүлдем жаңа сатыға өтті: шығындарды реттеу және клиенттерге 24/7 форматында қызмет көрсету сынды сатудан кейінгі сервис енгізілді. Мәселен, «Коммеск-Өмір» СК 2016 жыл қорытындысы бойынша, автокөлік иелерінің АҚЖ МС төлемдерін 7 жұмыс күнінен (заң бойынша – 15 жұмыс күнінен кешіктірмеу керек); АвтоКАСКО және ерікті сақтандырудың басқа да түрлері бойынша төлемдердің 97 пайызын 5 жұмыс күнінен кешіктірмей төледі. Төлем мерзімін жылдамдату мақсатында «Коммеск-Өмір» АҚ сот қаулысына шұғыл түрде қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Сот кабинеті» электронды пакетімен жұмыс істеп жатыр. 
      Осы жылдар ішінде сақтандыру қоғамы Бірыңғай сақтандыру мәліметтері базасын құрды (2007 жылдан бастап). Алаяқтық әрекеттерді азайтып, сақтандыру полистерін агенттер арқылы сату процесіне тиісті бақылау орнату мақсатында 2011 жылдан бастап біртұтас полис үлгісі енгізілді. Бірегей идентификациялық
 
 
нөмірі бар полистер қосымша қорғаныспен қамтамасыз етілген. Біз қазір Е-полистерді енгізу мен онлайн-сақтандыру жүйесін дамыту процесінің табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Бұл өзгерістердің бәрі сықтандыру нарығының бір орында тұрмағанын дәлелдесе керек. Өнімдер тізбегі сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да кеңейіп, сақтандыру мәдениеті мен сервис деңгейі артып келеді.
 
2017 жылға қатысты болжамдар
Мамандар биылғы жылы нарық бойынша сақтандыру сыйақыларының көлемі 15-20 пайызға артады деген болжам жасап отыр.
Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының (ҚСҚ) рөлі күшейіп, ұйым қызметі жаңа деңгейге көтеріледі. Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығы сақтандыру саласындағы заң шығару ісіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.
Сақтандырудың міндетті түрлері оңтайландырылуы да ғажап емес. Атап айтар болсақ, ҚР заңдарында сақтандырудың қағаз жүзінде ерікті деп аталғанымен міндетті сақтандыру белгілері бар түрлерін қарастыратын нормалар бар (кеден өкілдерін, уақытша сақтау қоймаларының қожайындарын, сот орындаушыларын, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру). Сақтандырудың бұл түрі аталған санаттағы азаматтар үшін міндетті болғанымен, сақтандырушы үшін міндетті емес. Соңғы кезде сақтандыру қызметі дамыған елдерде міндетті сақтандырудан бас тартып, ерікті сақтандыруды дамыту үрдісі айқын байқалып жүр.
Онлайн-сақтандыруды дамыту шеңберінде бағасы, тәуекелдері мен лимиті  алдын-ала белгіленген жаңа қораптық өнімдер пайда болады деген болжам бар. Әдетте, қораптық өнімге бірнеше сақтандыру бағдарламасы енгізіледі. Ол клиенттердің сұранысы мен мүмкіндіктеріне қарай іріктеледі. Ол – рәсімдеуге жеңіл, мейлінше аз уақыт талап етеді және бағасы да көңілге қонымды. Мұның клиенттерге беретін артықшылығы да осында.
 
Проблемалар мен олардың шешімдері
Алдағы уақытта рыноктағы ойыншылар санының қысқаруы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл сыртқы факторларға ғана емес, бизнес қожайындарының шешімдеріне де тікелей байланысты. Оңтайландыруға реттеуші органның сақтандыру компанияларынының капиталына қоятын талапты күшейтуі де әсер етпей қоймайды. 01.01.2017 жылы елімізде 32 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді. Оның 7-еуі – өмірді сақтандырумен айналысады.
Сақтандыру рыногында тағы бір маңызды проблема бар. Атап айтар болсақ, автокөлік иелерінің басым бөлігі ақша үнемдеу мақсатында АИ АҚЖ МС келісімшартын 1 жылға емес, тек 6 айға ғана бекітеді. Олар мұны көлік құралын маусымдық пайдаланумен түсіндіреді. Келісімшарт алғашқы сақтандыру оқиғасы туғанға дейін әрекет етеді. Сақтанушы ең төменгі сақтандыру сыйақысын төлеген жағдайда өзге сақтанушылардың есебінен толыққанды сақтандыру ақысын алуға құқылы. Бұдан: заңда көлік құралдарын маусымдық пайдалану түсінігін нақтылау қажет деген қорытынды шығады.
 
Анықтамалық ақпарат: «Коммеск-Өмір» СК» АҚ 1991 жылдың 19-қарашасында құрылған. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сақтандыру компаниясы. Сақтандырудың ерікті және міндетті түрлері бойынша «жалпы сақтандыру» , сондай-ақ, қайта сақтандыру қызметіне берілген алғашқы лицензиялардың иесі. Компанияның 18 аймақтық бөлімшесі еліміздің ірі әкімшілік орталықтарында орын тепкен. «Коммеск-Өмір» СК» АҚ-ың акциялары 2007 жылдың маусымынан бастап «Қазақстан қор биржасы» АҚ ресми тізіміне енгізілді. 2015 жылы компания халықаралық A.M. Best рейтинг агенттігінің b+ с кредит рейтингіне (болжамы «тұрақты») ие болды. 2016 жылы аталған рейтингін дәлелдеді.
01.01.2017 жылға берілген мәліметтер бойынша, компания активтері 12,5 млрд теңгеден асып жығылды, сақтандыру резерві – 4,4 млрд теңге, меншікті капиталы – 7,1 млрд теңге.

Сілтемемен бөлісу: