Новости

02фев2016

Тығырықтан шығу: 2016 жылы сақтандыру рыногының жай-күйі қалай болмақ?

 
«Коммеск-Өмір» сақтандыру компанияларының ТОП-19 (26 компания) көрсеткіштеріне сүйене отырып, сақтандыру нарығының 2015 жылғы қызмет қорытындысына шолу жасады. Шолуда «жалпы сақтандыру» саласына қатысты көрсеткіштер негізге алынды.
Атап айтар болсақ, 2015 жыл төмендегідей көрсеткіштермен аяқталды: сақтандыру сыйақыларының көлемі 196,8 млрд теңгеден асып жығылды (2014 жылмен салыстырғанда 11% артық). Соның ішінде, міндетті сақтандыру саласындағы өсім 13 пайызды, мүлікті ерікті сақтандыру саласындағы өсім 10% құрады. Ал, жеке ерікті сақтандыру көрсеткіштері керісінше, 20 пайызға төмендеген. Сақтандыру класы тұрғысынан алып қарағанда, Автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (АИ АҚЖ МС) көлемі 15 пайыз артқаны байқалады. Автокөлікті ерікті сақтандыру (АвтоКАСКО) және ерікті медициналық сақтандыру саласындағы сыйақы мөлшері 2014 жылғы деңгейде сақталып қалды. Сонымен қатар, бақытсыз жағдайлардан сақтандыру жөніндегі сыйақы көлемі 42 пайыз артқан. Бұл кейбір сақтандырушылардың банктен несие алған кезде ұсынылатын сақтандыру қызметінен бас тартуына байланысты.
2015 жыл қорытындысы бойынша «Коммеск-Өмір» компаниясының сақтандыру сыйақысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайыз артып, 4,7 млрд теңгені құрады. Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сыйақы 1,66 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 33% артық. Жеке ерікті сақтандыру сыйақысы – 298,4 млн теңгені құрады (29 пайыз кеміген). Мүлікті ерікті сақтандыру 14 пайыз артып, 2,78 млрд теңгеге жетті. Көпшілік арасында ерекше сұранысқа ие АИ АҚЖ МС бойынша сыйақы көлемі 32 пайыз артып, 1,55 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, ерікті сақтандырудың: мүлікті сақтандыру (сыйақы 1,16 млрд теңге, өсім – 124%), жүктерді сақтандыру (209,8 млн теңге, өсім – 25%), бақытсыз жағдайлардан сақтандыру (өсім 62%), өзге қаржылық шығындардан сақтандыру (өсім – 381%), су көлігін сақтандыру (өсім – 38%) сынды түрлерінен едәуір өсім байқалады. Ал, көлікті ерікті сақтандыру (АвтоКАСКО) сыйақылары 41%, ерікті медициналық сақтандыру сыйақылары 33% кеміген.
Жалпы рынок бойынша 60,3 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдері төленген. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 26% артыпты. Соның ішінде, Автокөлік иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру бойынша төленген төлемдер 22%, АвтоКАСКО бойынша – 20%, ерікті медициналық сақтандыру бойынша – 13%, мүлікті ерікті сақтандыру бойынша – 96% өскен.
2015 жылы «Коммеск-Өмір» 1,35 миллиард теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін төледі. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 26% артық. Ал, міндетті сақтандыру бойынша төленген төлемдер 679 млн теңгеге жетті (өсім – 15%). Жеке ерікті сақтандыру төлемдері 27 пайыз кеміп, 163,3 млн теңгені, мүлікті ерікті сақтандыру төлемдері керісінше, 97 пайыз артып, 510,3 млн теңгені құрады. 2015 жылы «Коммеск-Өмір» компаниясы сақтандырудың төмендегі негізгі түрлері бойынша төлемдер төледі: АИ АҚЖ МС – 564,2 млн теңге (өсім 15%); АвтоКАСКО – 283 млн теңге (өсім – 38%); Ерікті медициналық сақтандыру – 161 млн теңге (26% кеміген). Бақытсыз жағдайлардан сақтандыру – 72% кемісе, жүкті сақтандыру төлемдері – 245% өскен. Сондай-ақ, компания жұмысшыларды қызмет барысында міндетті медициналық сақтандыру келісімшарттарына қатысты міндеттемелерін атқаруды жалғастырып келеді. 2015 жылы сақтандырудың аталған түрі бойынша 114,2 млн теңге төлем төленген.
Жалпы, бір жыл ішінде АИ АҚЖ міндетті сақтандыру төлемдерінің орташа көлемі 20% артып, 360 мың теңгені құрады.
2015 жылы сақтандыру саласында алаяқтық фактілері күрт көбейді. Елдегі күрделі экономикалық ахуалдан туындаған бұл оқиғаларды өткен жылдың айтулы тенденцияларының бірі деуге болады. Ол моторлы сақтандыру төлемдерінің өсуіне әкеп соқтырды.
 
Өткен жыл сақтандыру компаниялары активтерінің өсуімен де есте қалды. сақтандыру компанияларына тиесілі активтердің жалпы көлемі 581 млрд теңгені құрап, 39% артты. Меншікті капитал 50 пайыз артып, 343 млрд теңгеге жетсе, сақтандыру резервтері 23% өсіп, 206 млрд теңгеден асып жығылды. 
2016 жылдың 1-қаңтарында «Коммеск-Өмір» активтері 80 пайыз артып, 11,4 млрд теңгеге, меншікті капиталы 126 пайыз артып, 6,3 млрд теңгеге, сақтандыру резервтері 37 пайыз артып, 4,2 млрд теңгеге жетті.
Сақтандырушылардың табысы 3,5 есе өсіп, 133 млрд теңгені құрады. Сақтандыру компаниялары тапқан табыстың құрылымына келер болсақ, саланың сақтандыру қызметінен көрген шығыны 10 млрд теңгені құраған; инвестициялық табыс 6,3 есе артып, 174 млрд теңгеге жетті. Корпоративтік табыс салығын төлеуге 30 млрд теңгеден астам ақша төленді. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 3,5 есе көп (8 млрд теңге). Осы жерде компаниялардың тиімді инвестициялық қызметпен айналысуға күш салып жатқанын атап өтуіміз керек. Өйткені, сақтандырушылар үшін қай кезде де клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау басты міндет болып қала бермек. 
 
2016 жылға қатысты болжамдар
Мамандардың болжамынша, 2016 жылы сақтандыру сыйақыларының көлемі өспейді. Керісінше, сақтандыру адам өмірі үшін аса қажетті дүние болмағандықтан оған деген тұтынушылық сұраныс төмендейді. Оптимистік болжамдарға сүйенсек, саладағы өсім 3-5 пайыз шамасында болмақ. Негізінен саланы сақтандырудың міндетті түрлері тығырықтан алып шығады.
            2016 жылы мұнай өндірушілерді сақтандыратын компаниялардың позициясы әлсіремек. Себебі, бұл сала мұнай бағасының күрт құбылып, төмен қарай құлдилауымен, өндіріс көлемінің төмендеуімен, шығындардың мейлінше қысқартылуымен қауіпті болып отыр. Мемлекеттік сектордағы компаниялармен немесе банктік сақтандыруға тәуелді компаниялармен әріптестікке негізделген сақтандырушылардың жағдайы да осыған ұқсас болмақ.
            АИ АҚЖ МС және АвтоКАСКО сынды моторлы сақтандыру түрлерінің шығыны молая түседі. Мұны техникалық қызмет көрсету  орталықтарындағы жөндеу жұмыстары мен қосалқы бөлшектер бағасының шетелдік валютаға тәуелділігімен түсіндіруге болады. Сондықтан моторлы сақтандыру төлемдерінің орташа көлемі 40 пайыз өсіп, шамамен 500 мың теңгеге жуықтайды.
Ерікті медициналық сақтандыру бойынша денсаулығын сақтандырған азаматтар клиникалардың көмегіне бұрынғыдан көп жүгінеді. Өйткені, клиенттердің басым бөлігі 2016 жылы жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруды әлеуметтік пакетте қалдыратынына күмәнмен қарайды. Салдарынан әр пациентке көрсетілетін қызмет саны артады. Ал, бұл ерікті медициналық сақтандырудың шығынын арттырады. Оған дәрі-дәрмектер, қондырғылар мен емдеу құнының қымбаттауын қосыңыз.
Шетелге шығатын азаматтарды сақтандыру саласына қатысты болжам да көңіл көншітпейді. Халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі туристік өнімдер мен  туристерді сақтандыруға деген сұранысты төмендетері сөзсіз.
Өткен жылы сақтандыру рыногы агенттік сыйақы мөлшерін арттыру мәселесін шеше алмады. «Ақшаны сала емес, агенттер табады» дейтін ұстаным 2016 жылы да сақталып қалмақ. Мұны кейбір сақтандыру компаниялары рыноктағы үлес үшін күресте әлі күнге дейін тиімді пайдаланып жүр. Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылы рынокты шоғырландыруға талпыныс жасалды. Алайда, сақтандырушылар өзара бәтуа жасай алмады.
Кейбір болжамдарға сүйенсек, 2016 жылы сақтандыру рыногы инвестициялық тартымдылығын жоғалтпақ. Сондықтан аталған бизнес иелерінің кейбірі компанияларды бір-біріне қосып немесе сатып жіберуі де әбден мүмкін.
Тығырықтан шығудың баршаға ортақ жолы жоқ. Қиындықтан шығу үшін жаңа ресурстар іздестіру қажет. Рынокты дамытуға бағытталған осындай бастамалардың бірі – электронды полис енгізу. Онлайн-сақтандыруға деген сұранысты арттыру үшін клиенттерге төмендетілген коэффициенттер ұсыну көзделіп отыр. Жалпы алғанда, онлайн-сақтандыру қызметі сақтандырушылардың шығындарын оңтайландыруға және саланы дамытуға септігін тигізбек.
Саланы дамытуға арналған ұсыныстың енді бірі – агенттерге төленетін 10-15 пайыздық комиссиялық сыйақыны алып тастау. Бұл оның ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ерікті медициналық сақтандыру бойынша төленетін сыйақыға салық салмау туралы ұсыныс жасалып отыр. Бұл ерікті медициналық сақтандыруды әрі қарай дамытуға ықпал ететін ұсыныс. Ұсыныс жасаушылардың айтуынша, ЕМС төлемдерін төлеген кезде жеке тұлғалардан да, заңды тұлғалардан да табыс салығы алынбауы тиіс. Нәтижесінде жұмыс берушілер ЕМС-ға көңіл бөліп, оны жұмысшыларға арналған әлеуметтік пакетке енгізетін болады.
Сонымен қатар, рынокты дамыту шеңберінде сақтандыру резервтерін инвестиция ретінде орналастыру шарттарын либералдандыру көзделген.
Дағдарыс кезінде сақтандыру компаниялары бизнесті дамыту жолдарын іздестіре бастайды. Сондықтан рынокта бағасы арзан әрі негізгі қызмет түрлері енгізілген сақтандыру өнімдерінің, сондай-ақ, несиеге сақтандыру, банкроттықтан сақтандыру, автокөлікті бұзылудан сақтандыру, жұмыссыздықтан сақтандыру сынды тағы да басқа ұсыныстар пайда болуы мүмкін.
«2016 жыл «Коммеск-Өмір» компаниясы үшін мерейлі жыл болмақ. Осы уақыт  ішінде біз көптеген экономикалық қиындықтарды бастан кештік. Алайда, клиенттермен қарым-қатынаста жаңа стандарттарды тиімді пайдалана білетін білікті ұжымның, технологиялық әзірлемелердің арқасында қиындықтың бәрі артта қалды. Біз үшін 25 жыл – үлкен жолдың бастауы ғана. 2016 жылы сервистік қызметті жан-жақты дамытып, жақсарту бағытында жұмыс істейміз. Енгізілетін инновациялардың call-орталық қызметіне де, шығындарды басқару басқармасына да, жалпы, клиенттермен тікелей жұмыс істейтін бөлімшелердің бәріне де қатысты болмақ», – дейді «Коммеск-Өмір» СК» АҚ Басқарма төрағасы Олег Ханин.
Анықтамалық ақпарат:
«Коммеск-Өмір» СК» АҚ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған тұңғыш сақтандыру компаниясы. Ол 1991 жылдың 19-қарашасында құрылды. Міндетті және ерікті сақтандырудың «жалпы» түрлері бойынша, сондай-ақ, қайта сақтандыру бойынша алғашқы лицензиялардың иегері. Қазақстанның ірі әкімшілік орталықтарында 19 аймақтық бөлімшесі жұмыс істейді. «Коммеск-Өмір» СК» АҚ акциялары 2007 жылдың маусымында «Қазақстан қор биржасы» АҚ ресми тізіміне енгізілді. 2015 жылы халықаралық A.M. Best агенттігі «Коммеск-Өмір» СК» АҚ-на b+ кредит рейтингін берді («тұрақты» болжам).
Баспасөз мәслихатына қатысушылар: 
ХАНИН Олег Аркадьевич, «Коммеск-Өмір» СК» АҚ Басқарма төрағасы;
АКЕНТЬЕВ Владимир Леонидович, «Коммеск-Өмір» СК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Қосымша мәлімет алу үшін «Коммеск-Өмір» СК» АҚ-ның баспасөз орталығына, Шведкова Юлияға хабарласуға болады. Тел.: (727) 244-74-61 (ішкі 193), e-mail: y.shvedkova@kommesk-omir.kz, pressa@kommesk-omir.kz, www.kommesk.kz


Сілтемемен бөлісу: